Премьер-Министр Кеңесшісінің Ақтөбе облысына жұмыс сапары
Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның қызметімен танысты.
Алдымен тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталық көрсетілді. Мұнда қазандықтар, бастоғандар және кәріз су бұру бекеттері, инженерлік желілерді цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәлімет берілді.
Одан кейін делегация «Батыс-2» қазандығына барды. Бұл қазандық 14 көпқабатты тұрғын үйді (1572 абонент) және 18 заңды тұлға нысанын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етеді. Олардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектебі, №64 орта мектеп, балаларды оңалту орталығы, медициналық мекеме, Шығармашылық академиясы және «Достық» бассейні бар. Тұрғын үй қоры 3 он қабатты, 6 тоғыз қабатты және 5 бес қабатты үйлерден тұрады.
Кейіннен Премьер-Министр Кеңесшісі Абай даңғылы бойындағы ұзындығы 314 метр болатын магистральді жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ, 46 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген, диаметрі 530 мм болатын Қарасай батыр көшесіндегі жылу магистраліне ерекше назар аударылды. Бұл желі қаланың ескі бөлігін – Ломоносов көшесінен Ахтанов көшесіне дейінгі аралықтағы 150-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Желі тозығы жеткендіктен және жүктеменің артуына байланысты ұзындығы 710 метр, диаметрі 630 мм учаске қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар кәсіпорынның өз күшімен атқарылып жатыр.
Сапар соңында делегация Есет батыр тұрғын алабындағы қазандықтарды, соның ішінде «Актобе Сити» қазандығын аралады.
Премьер-Министр Кеңесшісі жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары мен жылыту маусымына дайындықты жоғары бағалап, «Aqtobe su-energy group» АҚ ұжымының аймақ тұрғындарын тұрақты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті.