«Aqtobe su-energy group» АҚ заманауи цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізуде
«Aqtobe su-energy group» АҚ инженерлік желілерді басқарудың тиімділігін арттыру және тұрақты сумен жабдықтау, су бұру мен жылумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Негізгі құралдардың бірі – QGIS жүйесі, оның көмегімен инженерлік коммуникациялардың бірыңғай цифрлық картасы жасақталуда. Картада сумен жабдықтау, су бұру және жылумен қамту желілері толық бейнеленіп, әрбір құдықтың координаттары мен ішкі күйінің фотосуреттері енгізілген. Сондай-ақ жеке және бюджеттік нысандардың қосылымдары белгіленген. Бұл жүйе желілердің жай-күйін жедел бақылауға және жөндеу жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпорында GPS-мониторингпен біріктірілген ГИС жүйесі қолданылады. Бұл жүйе көлік қозғалысын және қызмет көрсетуші персоналдың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Маңызды рөл атқаратын тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік қызмет (АДҚ) тәулігіне орта есеппен 100-ге жуық өтінім қабылдап, барлық құрылымдық бөлімшелердің жұмысын үйлестіреді және қала өмірін қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысын қадағалайды.
Сондай-ақ SCADA автоматтандырылған жүйесі де ерекше маңызға ие. Бұл жүйе 60-тан астам ұңғыманы және 40 кәріздік сорғы станциясын біріктіреді. SCADA арқылы сумен жабдықтау процестері қашықтан бақыланып, насостардың жұмысы, су мен электр энергиясының шығыны, қысым мен су деңгейі сияқты параметрлер автоматты түрде тіркеледі және талданады. Автоматтандыру мен цифрландыру кәсіпорын жұмысының ашықтығын, сенімділігін және жеделдігін арттырып, қаланың инженерлік инфрақұрылымын тиімді басқаруға жол ашуда.
