Құрметті Ақтөбе қаласының тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Бұл мереке – халқымыздың тарихи тағдырындағы ең биік белес, ел бірлігінің, ұлттық рухтың және еркін болашаққа деген нық сенімнің көрінісі.
Тәуелсіз Қазақстан қысқа уақыт ішінде мемлекет ретінде қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық және рухани даму жолында маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер әр азаматтың адал еңбегі мен ел тағдырына деген жауапкершілігінің жемісі. Әрқайсымыздың күнделікті еңбегіміз Отанымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне берік негіз қалайды.
Еліміздің көк байрағы бейбіт аспан астында асқақ желбіреп, Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орнын нығайта берсін. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз ел болу мәртебесін бүгінгі ұрпақ баянды етіп, келешекке аманаттауы – зор абырой әрі үлкен парыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, ал елімізге тұрақты даму мен кемел болашақ тілейміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, ғұмыры ғасырларға жалғассын!
