Темірбетонды сақиналар мен қақпақтарды ауыстыру
«Aqtobe su-energy group» АҚ мамандары «Санмир-Астана» ЖШС компаниясымен бірлесіп, Рысқұлов көшесі, 10 мекенжайындағы өздігінен ағатын кәріз коллекторында темірбетонды сақиналар мен диаметрі 1500 мм құдық қақпақтарын ауыстыру жұмыстарын жүргізді. Бұл коллектор 45 жыл бойы агрессивті ортада пайдаланылып келгендіктен, құдықтардың бұзылуы мен қирауы байқалды. Жұмыс аясында 32 құдық жаңартылып, жүйенің сенімділігі мен ұзақ мерзімділігі айтарлықтай артты.
Алайда, коллектордың бір бөлігінде, қорғау аймағында, балалар ойын алаңы орнатылғаны анықталды. Бұл жөндеу жұмыстарының орындалуын қиындатты. «Aqtobe su-energy group» АҚ мамандары ауыстыру жұмыстарын мүмкіндігінше мұқият жүргізіп, тұрғындарға қолайсыздықтарды азайтуға тырысты. Дегенмен, мұндай жағдайларда жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ойын алаңына уақытша кіру шектелді.
Естеріңізге саламыз, инженерлік желілердің қорғау аймақтарында қандай да бір нысандарды орнату заңсыз болып табылады. Бұл тек техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын қиындатумен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін. Тұрғындардан осы ережелерді сақтап, аумақтарды абаттандыру және нысандарды орнату кезінде қорғау аймақтарын ескеруді сұраймыз.
«Aqtobe su-energy group» АҚ қала инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын жалғастыруда және тұрғындардың түсіністік танытып, қолдау көрсеткеніне алғыс білдіреді!